Размер шрифта

Цветовая схема

Межбуквенный интервал

Изображения

Қостанай облыстық көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханасы

Көзі көрмейтін және
нашар көретіндерге нұсқа
Версия для слабовидящих
Әдеттегі нұсқаВерсия для слабовидящих

«Мұражай барлығына бірдей»

Қостанай облыстық көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханасы үстіміздегі жылдың 25 қазанында өз оқырмандары үшін Қостанай облыстық тарихи-өлкетану мұражайына экскурсия ұйымдастырды.

Білім беру, ақпарат және мәдени қызмет көрсету міндеттерін атқаратын кітапхана оқырмандардың ерекше санаты үшін қашанда рухани орталық болып табылады. Мұражайдың экспонаттарымен танысуға және рұқсат етілетін жәдігерлерді ұстап көруге мүмкіндік беру  үшін кезекті шараны мұражайдың өзінде өткізу туралы шешім қабылданды.

Зағип жандар тура мағынасында тарихпен бетпе-бет келді деуге болады. Көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтар үшін залдарда белгілі бір тақырып бойынша экспонаттар қойылған арнайы алаңшалар орнатылды.

Мұражайдың қорларды сақтау бөлімі этнографияға, мәдениет пен тұрмысқа қатысты заттарды қойды. Басқа алаңшада табиғат секторының ғылыми қызметкері келушілерге түсінікті тілде палеонтология дәуірінің жәдігерлері туралы әңгімелеп және көрсетіп берді. Ерекше қызығушылық танытқан қонақтар ежелгі жануарлардың сойдақ тістерін, мүйіздерін, тістерін, ұлудың қабыршақтары мен түрлі минералдарды ұстап көрді. Археология бөлімі неолит-энеолит және қола дәуіріндегі тастан жасалған еңбек құралдарымен және ыдыстармен таныстырды.
Экскурсияға қатысқан кітапхана оқырмандары мұндағы экспонаттар туралы ақпарат алып, көптеген қызықты және жаңа мәліметтерге қанығып қайтты.

Көру қабілеті бұзылған адамдар әдетте олардың талаптарына қажетті жағдайдың жасалмауына байланысты қоғамдық орындарға кез келген уақытта бара алмайды. «Мұражай барлығына бірдей» шарасы мұражайдың экспонаттарын зағип жандарға таныстыру үшін тактилді әдісті қолдануға және оқырмандардың тарихи-өлкетану бағытындағы әдебиеттерді оқуға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған.

Болашақта мұражайдың тактилді әдісті қолдануға мүмкіндік бермейтін залдарында экспонаттар жайында мағлұмат алуға мүмкіндік беретін олардың пішіндері пайда болады деп үміттенеміз. 

Ең бастысы біздің тамаша  оқырмандарымыз бар. Олардың білімге деген құштарлығы ерекше, олар кез келген нәрсені көбірек білуге ұмтылады.  Мұражайдан көтеріңкі көңілмен оралған олар өлке тарихына қатысты ақпарат алуға және оны сезінуге мүмкіндік бергені үшін барлығына алғыс білдірісті.