Размер шрифта

Цветовая схема

Межбуквенный интервал

Изображения

Қостанай облыстық көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханасы

Көзі көрмейтін және
нашар көретіндерге нұсқа
Версия для слабовидящих
Әдеттегі нұсқаВерсия для слабовидящих

Біздің қаламыз

Ескі қаладағы серуен
 
Баяғы бір замандарда Тобыл өзенінің терістік жағалауына Орта жүз руларының бірі қоныс теуіп, ауылдағы қарапайым еңбекшілер өз күндерін өздері көріп, тұрып жатты. Уақыт өте келе ауылды басып өтетін жолаушылар осы жерде аяқ суытып, көпестер зат алмасып, демалатын болды. Бұл ауылдың ерекшелігі ауылда өмір сүріп жатқан егіз қыздың болуы еді. Сүйкімді де қайырымды, мейірімді қыздарды ауылдың барлық тұрғындары жақсы көретін. Жолаушылар мен көпестердің бойында ауылға кіріп келе жатқанда алдыларынан күлкілері сыңғырлаған екі қыз шығып қарсы алса, сапарымыз сәтті болады деген сенім де қалыптасты. Қыздардың ата-аналарын, атағы жайылған қолөнер шеберлерін жұрттың барлғы білетін және құрметтейтін. Олардың есімдері сақталмағанымен, бізге жеткен аңыз бойынша қыздардың есімдері Қост және Анай болыпты.

Алайда күндердің бір күндерінде қыздар керуендер мен жолаушыларды күтіп алып, шығарып салуды доғарыпты. Ұста мен кестешінің отбасы қара жамылды, олардың сүйікті қыздары бір сәтте ауырып, қайтыс болады. Ауылдың жанындағы қыраттардың бірінде екі қабір пайда болды. Қабір басына қойылған тастарға Қост және Анай деген есімдер жазылды. Қос қызды соңғы сапарға шығарып салуға жиналған тұрғындар Қост пен Анайдың есімдері тұрғындар үшін қайырымдылықтың, шеберлер үшін сәттіліктің, жолаушылар үшін бағдардың белгісі болсын деген шешім қабылдайды. Ұзақ жылдар бойы бұл есімдер қуанышты білдіретін біртұтас сөз ретінде қолданылып жүрді. Осылайша елді мекен қайырымдылықтың, еңбексүйгіштіктің, қуаныштың белгісі ретінде Қостанай атала бастады.

Қостанайлық Амангелді Қожахметовтың қала атауының пайда болуы туралы бізге жеткізген аңызы осындай. Ал ресми деректер бойынша Қостанай тарихы ХІХ ғасырдың 70 жылдарынан бастау алады. Ресей империясының шет аймақтарын қоныстандыру жобасын жүзеге асыру бойынша Оңтүстік Орал жоталарынан үш жүз шақырым қашықтықта Тобыл жағасына қалалар салу жөнінде шешім қабылданады. 1869-1870 жылдары аталған шешім жүзеге асырылды. Николаевск уезінде қалалар салынатыны жөніндегі хабар Ресей империясының аумағына лезде жайылып кетеді де, бұрынғы басыбайлы шаруалардан, көпестерден, қолөнершілерден құрылған қоныс аударушылар дала өңіріне ағыла бастады. Орыстар, украиндықтар, поляктар, татарлар жаңа жерлерді қоныстануға аттанды. Қалаға қоныс аударушылармен өзара пайдалы шарттар жасасқан жергілікті халық та келе бастады. Қаланы қоныстануға рұқсат ресми түрде 1879 жылы шыққанымен 1881 жылы Қостанайда 1203 отбасы тұрып жатты.

Тұрғындар санының өсуі қала құрылысының өсуіне алып келді. Бұл туралы Брокгауз бен Ефронның сөздіктерінде «Қостанай американдық үлгіде, таң қаларлық жылдамдықпен, шапшаң өсті. Қала маңындағы дала топырағының құнарлылығы, сауда мен өнеркәсіптің тоқтаусыз өсуі Қостанайдың Орынбормен, Троицкімен және басқа да қалалармен бәсекеге түсуіне мүмкіндік береді» деген мәліметтер келтірілген.

Алғашқыда Қостанайда көз қуантарлық ештеңе болған жоқ, ағаштан салынған тапал үйлер мен ашық көшелердің арасынан дала желі еркін есіп жүрді. Алайда уақыт өте келе қызыл кірпіштен салынған екі қабатты үйлер, мешіттер, шіркеулер, демалыс мекемелері пайда бола бастады. Олардың кейбіреулері осы күнге дейін сақталып қалды. Мысалы, ақ-мешіт, ағайынды Яушевтардың пасажы (қазіргі Достық үйі мен өлкетану мұражайы), Лорецтің сыра зауыты («Арасан» ЖШС), көпес Воишевтің үйі (Қостанай қалалық ардагерлер кеңесі) және т.б. Сол кездің сәулет өнерінде ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың бас кезінде белгілі болған «сібірліктерше салу» әдісі көп қолданылды. Жергілікті шеберлер бұл стилдің «қостанайлық» түрін ойлап шығарды. Оның ерекшелігі олардың ойларынша, қойма секілді қосалқы құрылыстардың өзі сұрықсыз, тұтас қабырғадан тұрғызылмауы керек болды. Қосалқы құрылыстың карниздері, алдамшы терезелері, мұнаралары да тұрғын үйлердікі секілді мұқият безендірілетін болды. Кірпішті бедерлеп қалау, ғимараттың фронтондарына жартылай тіреулер орнату ғимаратты үлкейтіп көрсетіп, салтанатты және жеңілділік рең берді.

Қостанай өзінің алғашқы күндерінен-ақ сауда орталығы деген даңққа ие болды. Жылына әрқайсы 10 күнге дейін созылатын, көлемі жағынан атақты Нижегородтық жәрмеңкелерден кем түспейтін 4-5 жәрмеңке өткізілді. Бұл күндері қалаға сауда жасауға келетін адамдардың саны Қостанайдың өз тұрғындарының шамасына жетіп қалатын. Қостанай өнеркәсібі ежелден бері ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеумен белгілі болды. Олардың көпшілігі жел диірмендері болатын. Жергілікті бидайдың жоғары сапасы мен жергілікті граниттен жасалынған диірмен тасының арқасында майда тартылған қостанайлық ұн жоғары сұранысқа ие болды. Ұн нарығына жүргізілген талдаулардн қостанайлық ұнның әлі күнге әлемнің түрлі елдерінде үлкен сұранысқа ие екендігін көруге болады.

Жергілікті өнеркәсіптің өсуі мен сауданың дамуы жаңа жолдардың салынуын қажет етті. 1913 жылдың қазанынан бастап жаңадан салынған Тройцк-Қостанай теміржол торабы бойынша тауар, одан кейін жолаушы таситын пойыздар жүйелі түрде қатынай бастады. Осы кезеңде алғашқы станциялық ғимарат тұрғызылды. 1958 жылы қала ірі теміржол станциясына айналды. Ал теміржол вокзалының қазіргі ғимараты 1974 жылы бұрынғы ғимараттың орнына тұрғызылды. Мұның өзіндік артықшылықтары болды – вокзал алдындағы алаң қалаға қатынайтын көліктерге қолайлы болатын, вокзал қала орталығы мен тұрғын аудандарға жақын орналасқан болатын. Қала көшелеріне асфальт төсеу 1952 жылы Қостанайдың басты көшесі – Ленин көшесінен (қазіргі Әл-Фараби даңғылы) басталды, оның ұзындығы не бары 1800 метр болғанына қарамастан, қала тұрғындары үшін зор мақтаныш болатын. 1953 жылы вокзалдан 1 Май көшесіне дейінгі жол іске қосылса, 1955 жылы қаладағы асфальтталған көелердің ұзындығы 9800 км жетті.

1950 жылдардың аяғында тұрғын үй мәселесі қиындай түсті. Қала тұрғындарының шапшаң өсуінің нәтижесінде әрбір тұрғынға не бары 3,1 ш.м. жайдан келді. Осы себептен бұрын бос жатқан химия зауыты мен вокзалдың арасындағы алаңға жедел қарқынмен тұрғын үйлер салына бастады. 1960 жылдардың басында құрылыс вокзалға жетті де, содан бері қала бірыңғай тұрғын алаңы ретінде қалыптаса бастады.